Павлодар облысында жаңа үйлердің құрылысы үш айда аяқталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында жаңа үйлердің құрылысы үш айда аяқталады

01.05.2024

Тасқын судан зардап шеккен Павлодар облысының Жалаулы ауылында салынып жатқан үйлер алдағы үш айда дайын болады. Құрылысқа жауапты мердігер компаниялар жұмысты жылдам әрі сапалы атқаруға мүдделі. Қазір шалғайдағы ауылда құрылыс қарқын алған. 

Соңғы 40 жылда Павлодар облысы, Жалаулы ауылында бірде-бір жаңа үй салынбаған. Сондықтан су кіріп, баспанасы жарамсыз болып қалған тұрғындарға салынып жатқан үйдің тапсырылатын күнін бүкіл ауыл тағатсыздана күтіп жүр. Қоныс тойы баршамызға ортақ дейді.

Серік Ахметов, Жалаулы ауылының тұрғыны:

40-50 жылдай болды ғой, үй салынбағанына. Жақсы үйлер, бес үй салынып жатыр. Іші нұрлы болып, тек жақсылық болсын.

Тасқын кезінде шалғайдағы ауыл жұрты ауызбірлікті таныта білді. Еріген қар суы бұл ауылға түнде келді. Айналасы 2-3 сағатта 14 үйге су кірген. Өре тұрып қарғын суға қарсы қайрат қылған жұрт сырттан көмек келгенше біраз үйді аман алып қалды.

Қарлығаш Дайырбекова, Жалаулы ауылының тұрғыны:

Біз әрине өте қорықтық. Қорқыныш болды. Өзімнің үш балам бар. Біз содан көрші ауылға барып тұрып, келіп жұмысымызды жасап жүрдік. Қазір қорқынышымыз сейілді әрине. Үйдің алды бой көтеріп жатыр. Өте қуаныштымыз. Үйсіз, үкіметтің қарауынсыз қалмағанымызға өте қуаныштымыз.

Су кірген, бірақ жөндеуге жарамды басқа тоғыз үйдің иелеріне 48 млн. теңге көлемінде өтемақы берілді. Ал, жаңадан бой көтеретін үйлерде тура қаладағыдай жайлы жағдай жасалады.

Әтихан Жақсылық, Құрылысшы:

Мына үйдің иелері келіп, балаларымен келіп қарап тұрғанда шыдай алмаймыз. Демалыс күндерде де үзіліссіз жұмыс істеп отырмыз. Ол кісілер кірсін деп. Біреудің үйінде тұрып отыр ғой ол кісілер. Осы үйдің иелерінің үйге кіргенін қалап, кіргеніне қуанышты боламыз деген ойдамыз.

Қазір қауіп сейілген. Мемлекеттен арнайы қаржы бөлініп, ауылдың тұсынан бөгет қазылып жатыр. Сайға жиналған суға жақында аққулар келіп қоныпты. Жалаулы жұрты бұны жақсылыққа балайды.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу