«Біз біргеміз!»: Телемарафон мәресіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Біз біргеміз!»: Телемарафон мәресіне жетті

30.04.2024

«Біз біргеміз!»: телемарафоны мәресіне жетті. 5 сағатқа созылған тікелей эфирді 10 телеарнаның 20 ға жуық жүргізушісі тізгіндеді. Министрлерден бастап депутаттар, қоғам белсенділері мен волонтерлерге дейін студияларға келіп сұхбат берді. Тасқынмен күрес, оның салдарын жою жұмыстары жайлы баяндады. Қиын қыстау сәтте халықтың бірлігі, құтқарушылар мен полицейлер, әскерилер мен еріктілердің еңбегі көрсетілді.

Бұл телемарафон алдындағы қарбалас. Эфир осы жерден тарайды. Режиссер, ассистенттер мен редакторлар соңғы дайындықтарын пысықтап, абыр-сабыр.

Режиссердің бұлай деуі бекер емес. Бұл үлкен жауапкершілік. 5 сағат тікелей эфир. Оның үстіне 10 телеарна жүргізушілерінің бір-біріне сөз беріп жүргізетінін ескерсек, барлығының сақадай сай болғаны маңызды. Жүргізушілер болса, сөздерін қайталап, жаңылмауға тырысты.

Осылайша 10 телеарна эфирінен бір сәтте телемарафон басталды. Алдымен Қазақстан Ұлттық арнасының жүргізушілері сөз алып, Төтенше жағдайлар министрімен тілдесті, тасқынға қатысты соңғы ақпаратты жеткізді.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Эвакуация басталғалы бері 40 мыңға жуық адам өз үйлеріне қайтты аман есен. Мен ойлаймын мына 6,5 мың адам тез арада жағдайлары түзеліп үйлеріне қайтады деген сенімдемін. Оларға барлық қамқорлық көрсетіліп жатыр.

Эфир тізгіні әр 10 минут сайын өзге телеарна жүргізушілеріне өтіп отырды. Ұлттық арнадан кейін Жібек жолы, одан әрі Хабар. Бұл сол хабардың ақпарат тарататын орны. Мұнда да абыр-сабыр. Жүргізушілерге арасында осылай салқындап алуға тура келді. Өйткені министрлерден бастап, депутаттар, қоғам белсенділері, экономистер, волонтерлерге дейін студияларға келіп жатты. Әрқайсымен сұхбат: тасқынмен күрес, оның салдарын жою мәселелері жан жақты талқыланды. Марафонның мақсаты да сол. Тасқынға қатысты дұрыс ақпарат таратып, халықтың сын сағаттағы бірлігін көрсету.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ақпараттың жетіспеушілігі дегеннен туындайды барлық наразылық та, сенімсіздік те. Сондқытан өте маңызды. Алдымызда жаз келе жатыр. Осы жазда салынатын үй де салынады. Жөндлетін үй де жөнделеді. Заттары да түгенделеді. Сондықтан осы ақпаратты ең сенімді ақпарат көздерінен тарату маңызды.

Жалпы әрбір арнаның стдуиясына спикерлер келіп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Волонтерлердің жұмысынан бастап, халықтың бірлігі сөз болды.

Ақерке Ескендірова, «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы:

Дамбыларды соғуға барлық тұрғындар атсалысты. Тіпті кішкентай балалар қаптың бетін жауып жатса, әжелеріміз тамақ дайындап әкеліп жатты. Сондықтан оларды да волонтер деп санауға болады.

Ал Жетінші арнаға Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары келді. 80 жылда болмаған апат барлығымызға сабақ болды. Енді апаттың алдын алу қажет. Алдағы уақытта 20 су қоймасы салынбақ.

Қарғын су үйлерді басып қана қоймай, ауру малдар көмілген жерлерге де жайылып кетті. Сондықтан эпидахуал қатаң бақылауда болуы керек. Денсаулық сақтау министрі алаңдауға негіз жоқ деді.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Бас санитарлық дәрігердің Республика бойынша қаулысы шығарылды. Барлық жерден сулардың сынамалары алынып отырды. Әлі де алынып отыр. Әзірше барлығы теріс нәтиже беріп отыр. Сонымен қатар мына су кеткен аймақтарда 6 мыңға жуық объектілер, маңызы бар объектілер дизенфекцияланды.

Осылайша марафон мәресіне жетті. 5 сағат бойы маңызды ақпараттар айтылды, қайырымды жандар, құтқарушылар,полицейлер, әскерилер мен еріктілердің ерен еңбегі көрсетілді. Барлығының айтары бір амандық болса, қиындықты еңсерерміз. Өйткені күшіміз бірлікте.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу