Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында 20-ға тарта жерде тазалық жұмыстары атқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында 20-ға тарта жерде тазалық жұмыстары атқарылды

02.05.2024

«Таза Қазақстан» акциясының аясында бүгін Шымкент қаласындағы 20-ға тарта жерде тазалық жұмыстары атқарылды. «Өнегелі ұрпақ» апталығында саябақтар мен аулалар қоқыстан тазаратылып, жастар қарияларға қолғабыс жасады.

Рәтбек Амангелдіұлы саябақты тазалау ісіне бүгін әдейі немересін ертіп келді. Екеулеп жүріп төңіректі арам шөптен арылтты. Ағаш түптерін қопсытып, көпшілік серуендейтін жолақтарды сыпырды. Ұрпақ сабақтастығымен жарасым тапқан тазалық ісіне 350-ге тарта жас пен кәрі қатысты.

Рәтбек Амангелдіұлы, Қала тұрғыны:

Тазалық тал бесіктен басталады деп жатады. Өнегелі ұрпақты жастайынан тазалыққа тәрбиелесек мен ойлаймын келешекте таза, мәдениетті жастар келеді деп. Ата-баба өнегесімен немеремді тазалыққа баулып жүрген жайым бар.

Жастар бұл күні қарттар үйіндегі тазалық жұмысына да белсене қатысты. Олардың бір тобы майдангер Нина Мосунованың үйіне барып, егістік жерін қопсытты. Ауласын ретке келтіріп, әктеп-сырлады.

Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары:

Шымкент қаласында бүгінгі таңда 2 ардагер тұрады. Күні кеше ғана қала әкімінің ұсынысымен осы кісілерге бір реттік төлемді 2 миллионға дейін көтерген болатын. Бүгін міне өскелең ұрпақ келіп, өздерінің құрметін, ыстық ықыласын көрсетіп жатыр.

Тазалық шарасы «Достық ауласы» деген атаумен көпқабатты үйлердің төңірегінде жалғасты. Көпшіліктің күшімен баспаналардың маңайы, ойын алаңдары, арықтар тазаланды. Өнегелі әрі игі іске мыңға тарта адам қатысқан.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу